«Сыбайлас жемқорлықпен күрес – баршаның міндеті»
Мақсаты:
Көрнекілігі:
Интербелсенді тақта, презентация
Коррупция деген ұғым ежелгі тарихтан белгілі. Ол туралы Аристотель, әл-Фараби сияқты философтар өз заманында жазып кеткен. «Коррупция» деген – заң термині емес, этимологиялық жағынан бұл латынның сөзі «бұзу» немесе «сатып алу» деген ұғымды білдіреді. Қазіргі кезде коррупция әрбір мемлекетке тән, әлемдік ауқымдағы проблемаға айналып отыр. Сыбайлас жемқорлық елдің экономикасына, саясатына, әлеуметтік саласына ықпал етеді, ал оның залалы қоғамның дамуына кері әсерін тигізіп, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.
Жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, мемлекеттік қызметтегілердің соңғы екі жылдың ішінде алған паралары миллиард теңгеден асады. Бұл анықталғандары ғана, ал шенеуніктердің қалтасына кеткен параларды қосатын болсақ, бұдан екі есе көп болатыны хақ. Өткен жылы сыбайлас жемқорлық бабымен 165 адам сотталса, 2017 жылдың бірінші тоқсанында 220 адам істі болған. «Жемқорлық-мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет», деген Н.Ә.Назарбаев.
Мемлекеттік сатып алу, мемлекет қаржысын талан-тараж етіп, ысырап қылу, жер участкесін заңсыз беру, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни мемлекеттен жасырып қалу сияқты мемлекет қалтасына қауіп төндіретін жат қылықтар әлі де орын алуда.
.Америка Құрама Штаттарының заңнамасында сыбайлас жемқорлық ұғымы, оның мәні мен мазмұны, ерекшеліктері мен түрлерінің анықтамасы берілген, олардың алдын алу шаралары анықталған. Мәселен пара үшін оның үш есе мөлшеріндегі айыппұл немесе 15 жылға дейін түрмеде ұстау, не екеуін бірдей қолданса, ал ауырлататын мән-жайларда — 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Transparency International ұйымы – жемқорлықпен күресуге және оның әлем бойынша деңгейін анықтауға бағытталған халықаралық үкіметтік емес ұйым. Ол 1993 жылы Берлин қаласында құрылған. Transparency International ұйымы жыл сайын жемқорлық деңгейіне қатысты мемлекеттердің рейтингін жариялап отырады. Бұл тізімде Қазақстан 2014 жылы 126 орында (26 балл), 2017 жылғы 25 қаңтарда жариялаған құжаттарында 131 орын (29 балл). Жемқорлық деңгейінің көрсеткішін 176 мемлекет арасында жүргізген. Біздің ел әлі де болса коррупция жайлаған елдердің қатарында.
Ұйымның пайымынша, әлемде жемқорлықтан құлан таза ел Дания екен. Ол 2014 жылы ең жоғары деген 100 баллдың 92-сіне ие болып, рейтингтің көшін бастады. Биыл көрсеткіші 90 балл. Сондай-ақ үздік үштікке 90 баллмен Жаңа Зеландия және 89 баллмен Финляндия енді. [2]
Ал Transparency International индексі бойынша әлемнің ең жемқорланған мемлекеті Солтүстік Корея мен Сомали көрінеді. Олар 2012-2015 жылдары 100 баллдың тек 8 баллына ғана ие болыпты. Ал 2016 жылы сәл көтеріліп, Кореяда 12, Сомалида 10 балл көрсетті.[3]
Әлемдегі ешқандай мемлекет ешқашан 100 балл алмаған. Көш бастап 90 балл жинаған Дания мен Жаңа Зеландияның өзінде де жемқорлық бар деген сөз. 2016 жылдың 176 елдің орташа көрсеткіші 43 балл.
Сыбайластыққа қарсы күресте шведтік үлгі де тәжірибе аларлық. Ол ел мемлекеттік құжаттар ашықтығын қамтамасыз етіп, тәуелсіз сот жүйесін құрды. Қоғамдағы абырой, тазалық — әлеуметтік норма саналды. Шенеуніктердің жалақысын 12-15 есеге көтеріп тастады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында біздің ел де осы тәжірибені ескеріп, шенуніктердің еңбек ақысын жүйелі түрде көшіру мәселесін назарда ұстауы қажет.
Қазақстан Республикасы бойынша сыбайлас жемқорлық ісі жөнінен Астана қаласы, Ақтөбе, Жамбыл және Маңғыстау облыстары алдыңғы қатарда тұрса, төменгі көрсеткіш Ақмола облысы бойынша Степногорск, Көкшетау қалалары мен Астрахан ауданы, Қостанай, Қарағанды облыстары, Алматы қаласы көш бастап тұр.
Жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлыққа бейімділігіне келсек, 2016 жылы жемқорлық қылмысын жасағаны үшін 238 мемлекеттік қызметші соттан бірақ шықты, оның жартысынан артығы (82) білім беру ұйымдарының қызметкерлері, 50 әкім аппараттарының жұмыскерлері. Білім беру саласында мектепке дейінгі мекемелерде сыбайлас жемқорлық жиі кездеседі. Білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлық қылмысы ең көп жасалған өңірлер: Ақтөбе - 9, Қарағанды - 7, Қызылорда – 7, Оңтүстік Қазақстан облыстарында - 7.
Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі.
Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық барлық мемлекеттерде кең түрде қанатын жайған десек өтірік айтпаған болармыз. Өмірдің барлық салаларында осы дерт кездеседі. Көпшілік: «Пара бергенде не тұр? Оның пайдасы баршылық, көбірек төлеп ешқандай кедергісіз техосмотр өттім және уақытты да үнемдедім» . «Үй сатып алдым, ұлымды жақсы жұмысқа орналастырдым. Оның кімге зияны тиді?»,-дейді. Ал ұлына диплом сатып алып, жұмысқа орналастырды дерлік. Ол ауруханада хирург. Оқымаған, тәжірибе өтпеген, отаны ол қалай жасайды?
Немесе алкоголь ішіп, рөлге отырған шопыр, МАИ жұмыскеріне пара беріп жазадан құтылып кетеді. Ал ол тағы да ішіп алып, рөлге отырмайды дегенге кім кепіл? Сондайлардың заң бұзушылығына байланысты қаншама адам апатқа ұшырап жатады. Нәтижесінде адам, халық, қоғам зардап шегеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу дегеніміз - бұл мемлекетте тұрақтылықты қамтамасыз етудің қажетті шарты деп айтқан екен кезінде Аристотель ғұлама. «Кез келген мемлекеттік құрылыстағы басты нәрсе - бұл заңдар өзге де күн тәртібінің жәрдемімен істі лауазым иелері баю жолына түсіп кетпейтіндей етіп ұйымдастыру. Жалпы жұртқа ортақ пайда келуін ойластыратын мемлекеттік құрылыстар ғана әділ, дұрыс болмақ», - деген екен ежелгі ойшыл ғалым.
Басқа елдерде осы індетпен қалай күрескен және осы күнге дейін күресуде?
* Парақорлыққа ХVI ғасырдың ортасында Иван Грозный тыйым салып, өлім жазасына кесуді бұйырған.
* Ботсванада сыбайлас жемқорлықтың қарқынды өсуін тежеуге шенеуніктердің санын қысқартып, олардың жалақысын көтеру және мемлекеттік мекемелердің құрылымын ықшамдау ісі көмек көрсеткен.
* ОАР-да сыбайлас жемқорлық деңгейі төмендету үшін заңдардың көмегімен Үкіметті Парламент алдында есеп беруге міндеттеген. Олар шенеуніктер мен депутаттарға табыстары және басқа да салық төлейтін мүліктері жөнінде декларация тапсыру және мемлекеттік жүйенің ашықтығын қамтамасыз ететін қадамдарды қабылдау арқылы біршама жетістікке жетті.
* Қылмысы дәлелденген жемқорларды Германия 3 жылға, Франция 7-10 жылға, АҚШ 15 жылға дейін бас бостандығынан айырады.
* Қытай заңы бойынша парақорлық жасаған адам өлім жазасына кесіледі. Үшінші мыңжылдық басталғалы бері бұл елде 10 мыңнан аса шенеунік пара алғаны үшін ату жазасына кесілген.
Жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда.
Әлемнің дамыған 30 еліне кіру мақсаттарына жету үшін біз күшімізді біріктіруіміз қажет, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бірігу қажет. Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында көрсетілгендей жетістікке жету, сыбайлас жемқорлыққа тек біртұтас ағза сияқты күрескенде ғана мүмкін.
Елімізде 18 қараша 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданғаны да баршаға мәлім.Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең.
2015 жылдың ең басты жемқорлық оқиғасы ол - ҚР бұрынғы премьер-министрі, экс-қорғаныс министрі Серік Ахметов және Қарағанды облысының бірқатар лауазымды тұлғаларына қатысты іс. Сот үкімі бойынша, экс-премьер Серік Ахметов 10 жылға бас бостандығынан айырылып, оның мүлкі де тәркіленетін болды. Ал, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев 5 жылға, Қарағанды қаласының экс-әкімі Мейрам Смағұлов үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл істе жалпы 21 адам фигурант болды, олар жеті эпизод бойынша айыпталғаны белгілі. Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл айыптар «Мәңгілік алау» мемориалын абаттандыру, «DDKZGroup» ЖШС-ға жер учаскелерін бөлу және оларды үлестес тұлғаларға өткізу, «Евростандарт» ЖШС құру және заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру, «ТЛК» ЖШС қызметіне қатысу және көлік-логистикалық кешеннің құрылысына жер үлестіруде қызметтік өкілін теріс пайдалану бойынша қарастырылды. Еске сала кетейік, Серік Ахметов 2014 жылдың қарашасында үй қамаққа алынып, сот отырысы 2015 жылдың тамызында басталды. Төрт айға жалғасқан сотта қылмыстық іс 338 томға жетті, оның 9 томы - айыптау актісі. Жалпы, 82 сот отырысы өтті. Іс бойынша 260 куәгерден жауап алынған. Сот процесіне 4 мемлекеттік айыптаушы және 42 адвокат қатысты. Серік Ахметов 2009 жылғы қарашада Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалды. 2012 жылғы сәуірден Қазақтан Үкіметін басқарды. 2014 жылғы сәуірден Қорғаныс министрі болды.
Еліміздің бірнеше облысында мемлекеттік қызметтің әр саласында жемқорлық оқиғасы тіркелді. Соның ішінде, әкімдер «басты рөлде» болды... Нақтырақ айтқанда, Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжанов пен оның орынбасарлары Фрунзик Аракелян және Мақсұт Қалиев 300 мың теңгеден 14 млн теңгеге дейін пара алды деген айыппен парақорлар тізіміне ілінгенін.
2017 жылы жемқорлық қылмыспен тіркелгендер: ҚҰ Ұлттық экономика министрлігін басқарған Қуандық Бишімбаев, 41 миллион теңге жымқырды деген күдікпен «Қазақавтожол» РМК Қостанай облыстық филиалының басшысы Нұрлан Молдатаев, «Қазақстан инжиринг» басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков, Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы қызметін атқарушы Л.Пак т.б.
«ЭКСПО-2017" құрылысына байланысты үлкен, шулы оқиғаны еске түсірейік "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" акционерлік қоғамының төрағасы Талғат Ермегияев Астана ЭКСПО-2017" компаниясынан Талғат Ермегияев 4,2 млрд. теңге көлемінде қаржы жымқырды деп айыпталды.Талғат Ермегияев 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйымдарда лауазымды қызметтер атқару құқығынан өмір бойына айырылып, "қылмыстық жолмен табылған дүние-мүлкі" тәркіленді. Сонымен бірге судья президентке Ермегияевты мемлекеттік "Парасат" орденінен айыру туралы ұсыныс енгізді.
5-қантар 2018 жылы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләл 1,5 миллион теңге парамен ұсталды.
Осындай жазалардың жүзеге асып жатқаның білген халық, теріс жолға түспейді, ойланады деген үміттеміз.