Мамандық таңдаудағы кеңестер
Мамандық таңдау адам өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі болып табылады. Бұл белгілі бір тұлғаның мінез-құлқының, ұмтылысының, тілегінің және өмір салтының айнасы. Әдетте, бұл маңызды шешім жас кезде, мектепте оқып жүрген шақта қабылданады.
Осындай маңызды шешім қабылдау оңай емес. Кейбір жағдайларда жасөспірімдерге ата-ананың жағынан қысым көрсетілуі де мүмкін. Кейде шын мәнінде не қалайтыныңды түсіну өте қиын. Сонымен мамандықты қалай таңдау керек?
1. Бейімділігіңізді ескеріңіз
Бастапқыда өз қызығушылығыңызға назар аударыңыз. Немен айналысқыңыз келеді? Қандай пәндер ұнайды? Бос уақытыңызда немен айналысқанды жақсы көресіз? Адамдармен, әсіресе, бөгде кісілермен оңай тіл табыса аласыз ба? Көптеген нәрсе сіздің бейімділігіңізге байланысты.
2. Дұрыс шешім қабылдауға тырысыңыз
Бұл таңдауды өз бетіңізше жасау керектігін саналы түрде ұғыныңыз. Ата-аналардың, достарыңыздың ықпалынан шыға алмай қалмаңыз. Олар не айтса да, бұл – тек сіздің тағдырыңыз.
3. Мамандық таңдауда өзіңіздің физикалық ерекшеліктеріңізді, кемшіліктеріңізді ескеріңіз.
Денсаулық жағдайларына байланысты тыйым салынған мамандықтар болуы мүмкін. Мұндай мамандықтар көп емес, оларға негізінде қандай да бір физиологиялық жүйеге ұзақ ауыртпалықты талап ететін мамандықтар жатады. Компьютер мамандары көздеріне, ал ұшқыштар – жүректеріне ауыртпалық түсіреді.
4. Мамандық таңдағанда оның болашағын да ескергеніңіз жөн. Себебі, технология тез дамып келе жатыр, соның салдарынан бүгін керек мамандық ертең қажетсіз болып та қалуы мүмкін. Сол себепті болашағы бар саланы таңдауға кеңес беремін.
5. Мамандардың көмегіне жүгініңіз
Егер сізде күмән туындаса, мамандардың көмегін пайдаланыңыз. Бұл ретте не мектеп психологымен, психологиялық кеңсе маманымен ақылдасуға болады.