Кең дала нұрын шашып маңайыма, қараймын мақтанышпен Абайыма
Биыл қазақ халқының ұлы ойшылы, кемеңгер ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Абай туындылары бүгінде біздер, оқушылар үшін, ұлттық тәлім - тәрбиенің негізгі оқулығы рөлін атқаруда. Осы мақсатта мектебімізде Абайтану пәні енгізіліп оқытылуда. Абай білімі терең болғандықтан, оның шығармаларында дүние, өмір, тіршіліктің мағынасы, қоғам мен заман, болашақ туралы толғаған ойлары да аса терең. Абай - мәңгілік тақырып. Әр ұрпақ Абайды өзінше танып, өзінше оқып, өзінше танытады. Дәл қазіргі уақытта рухы мықты ұрпақ тәрбиесі үшін Абай құдіреті қажет болып отыр. Әр адам баласы Абай әлеміне үңіліп, Абайға бет бұрғаны дұрыс. Әрбір азамат Абай қарасөздерін өзінің дұрыс жолға салар бағдаршамындай көруі керек. Себебі дана Абайдың айтқан әрбір сөзі саналы адамның көкірегіне ой салып, адамшылық жолға тәрбиелейтін өсиеттен тұрады. Ұрпақты Абай үлгісінде тәрбиелеу – ізгілікке, имандылыққа, адамдыққа, биік адамгершілікке бастайтын жол. Абай мұрасы - Адамды адам етіп тәрбиелеудің, жан - жақты дамыған зияткер тұлға қалыптастырудың қайнары. Ақынның толық адам туралы айтқандары – жас өскінді Адамды сүю, құрметтеу, елжандылық, биік адамгершілікке бастайтын жол. Сондай – ақ, әлемдік деңгейдегі білім талаптарына қол созып қана қоймай, соның ұшар басынан көріне білу - бүгінгі таңдағы ұлттық болмысымыздың, адами мақсат - міндеттеріміздің бұлтартпас бағыт, бағдары. «Рухы күшті, дені сау, білімді ұрпақ - ел келешегі, келбеті», - деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөзінің мәні ерекше. Тәрбие тал бесіктен бастау алып, шеберлікпен, бірізділікпен алтын - ұя мектепте ұштасып жатса, нәтижелі болары даусыз. Бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне өте қажетті мәселені көтеріп отырған Абай тағылымы арқылы оқушылардың бойына ізгіліктің, адамгершіліктің рухани нәрлі дәнін егуді басты мақсат етіп алған ұстаздардың тәрбие құралы деуге болады. Ұлы дана мұрасы білім, ғылымның ғана көзі емес, оның тағылымы - тәрбиенің де қайнар бұлағы. Мына өтпелі дәуірдің кейбір келеңсіз жағдайларының жас ұрпақтың аман алып қалудың да бірден - бір емі - Абайға жүгіну, Абайға үңілу дер едім.
Елбасымыз Н. Назарбаев халыққа жолдауында: «Біз қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз»,- деді. Бұл аталы сөздің терең мәніне үңілсек, ұлылар үлгісі арқылы жас ұрпақты тәрбиелеп, Егемен еліміздің ілгері дамыту мәселесі де алдыға шығатыны сөзсіз. Ұлы дананың қай еңбегін оқымайық, ол ақыл - нақылға, тағылымға толы. Әсіресе, қазір күн тәртібінде жан - жақты дамыған тұлға қалыптастыру мәселесі тұрғанда оны жүзеге асырудың бір жолы ретінде Абай мұрасына бет бұрыс жасау өте құптарлық іс болғандығына қуаныштымын.
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе,
Адалдықты көздесең, жаттап тағы көңілге...- деп ақын С.Торайғыров жырласа, Жан-Жак Руссо «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзінің уақытын аямау» деп айтқандай, жылдан-жылға оқушыларымыздың Абай атамызды танып-білуге деген ынтасы артып келеді. Абай халқымыздың мақтанышы ғана емес, біздің ұлттық ұранымыз. Ол туралы айтылар сөз, жасалар істер әрқашанда өз арнасын табуы тиіс. Абай өлмес мұра қалдырды, оны алдымен өзіміз танып, сосын әлемге таныту - біздің ғұмырлық парызымыз. Мен қазақпын дейтін әрбір адамның жүрегінің түкпірінде Абайға деген бір жылы сезім жататыны мәлім. Оның терең мағыналы өлеңдері мен әндерін, қара сөздері мен дастандарын оқып, жаттап, айтып өскен әрбір адам Абай десе елең ете қалары сөзсіз.
Абай – кемеңгер! Бүкіл халықтың бетке ұстар данышпаны. Сондай-ақ, Абай көзі тірісінде өзінен кейінгі өнерлі ұрпақты әдебиетке, поэзияға жетелеген өрелі Ұстаз, Хәкім!
Ақынның соңында қалған шығармашылық мұралары ана тілімізде, сондай-ақ басқа тілдерге тәржімаланып, әлемдік деңгейде танылуда, зерделі зерттеу еңбектері де өз оқырманын тауып жатыр. Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл-ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері - Абай Құнанбаев. Дана ақын Абай 1845 жылы тамыз айында қасиетті Шыңғыс тауында туған. Абайдың әкесі Құнанбай өз еліне атағы шыққан аға сұлтан. Зерделі зерек ел ағасы, ірі тұлға. Абайдың анасы - Ұлжан, әжесі - Зере.
Он үш жасында Абайды әкесі Құнанбай оқудан шығарып, ел билеу әдісін үйретеді. 60-шы жылдардың аяқ кезінен бастап Абай аздап оқыған орысшасын өз бетімен оқу арқылы дамытып, орысша кітаптарды көп оқиды. Семей кітапханасынан кейде өзі барып, кейде арнайы кісі жіберіп кітаптар алдырады.
Қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов Абайды "қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі" деп орынды атаған.
«Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы- қазақтың ең қасиетті қазынасы. Заманалар ауысып, дүние өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді. Абайдай данышпан перзентті дүниеге әкелген қазақ халқы ата-бабаларының арманы болып келген ел тәуелсіздігін көзінің қарашығындай сақтайтындығына, қорғайтындығына сенемін. Ылайым, халқымыз Абай армандаған өмірге жетсін деп тілеймін» деген Елбасы. Менде Абай мұрасы біздер, жас ұрпақтар үшін «Кең дала нұрын шашып маңайыма, қараймын мақтанышпен Абайыма» деген нақыл сөзге дөп келеді дегім келеді. Абай атамыздың мұрасы біздер үшін білім нұрын шашқан , биікке жетелеген, толыққанды адам болуға жетелеген асыл мұра деп айтсам асыра айттым демес едім.
Абайдың мұрасын терең тұрғыдан меңгеруде мектебімізде Ұлы ақынның 175 жылдығына арналып іс шаралар өткізілуде. Әр сынып оқушылары ақын мұрасын жүректермен қабылдап , әр іс шараға тыңғылықты дайындалып, әлі де толығымен зерттеле қоймаған Абай мұрасының қыр- сырын ашып көрсетуге тырысты. Ұрпақтарының ұлы Абайға деген махаббаты - оның туған халқына, туған мәдениетіне деген махаббат еді.
Сөзімнің тобықтай түйінін айтар болсам,
Бәрімізге қасиетті Абай ақын,
Оқып-біліп өзіне болдық жақын.
Жылы тиіп жүрекке өлеңдері,
Әр сөзінен ұғамыз ақыл-нақыл.
Үйретті ол ұрпағын жақсылыққа,
Қара сөзі әркімге басшы-нұсқа.
Қаншама жыл өтсе де сөзі өлген жоқ,
Өсиетін аламыз басшылыққа, - дей отырып, міне, «Кең дала нұрын шашып маңайыма, қараймын мақтанышпен Абайыма» деп бекер айтпайды екенбіз. Қазақ елінің ақыны көп болғанымен, Абайы біреу-ақ. Абай тереңіне әлі де толық бойлай қойғанымыз жоқ. Оны алдағы уақыттарда да терең білуге тырысарымыз хақ. Абайы бар қазақ бақытты. Абайы бар ел қай халықпен де терезесі тең. Абайы бар елдің мерейі үстем.
Қорыта айтқанда, Абай атамыздың ұстанған мұраты – адамшылықты бұзбау, адамгершілік ізгілік қасиеттерді жоғару көтеру, адам деген ардақты атқа сай болу, яғни қазіргі ұздаздар да осыны жас ұрпақ бойынан көруге қызмет етеді. Елбасымыздың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асу¬ларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады.
Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық....
Ақмола облысы
Жарқайың ауданы
Тасөткел ауылы
Тасөткел негізгі мектебі
«Кең дала нұрын шашып маңайыма,
қараймын мақтанышпен Абайыма»
эссе байқауы
Оқушының тегі : Жүнүспек
Оқушының аты : Аружан
Әкесінің аты : Бекболатқызы
Сынып: 8-сынып оқушысы